ШҚО-да суицид жасамақ болған адамды құтқарған полицей келіншек марапатталды

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай аудандық ПБ кадр саясаты тобының инспекторы Әлия Анаева «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Оған медальді департамент бастығының орынбасары Ренат Унарбеков табыстады.
Салтанатты шарада барлық санитарлық нормалар қатаң сақталған.
«Әлия Анаева 12 тамыз күні таңғы сағат 07:45 кезінде жұмысқа бара жатты. Кенет Курчатов көшесі бойында орналасқан ғимараттың 3-қабатындағы терезеден секірейін деп тұрған адамды байқап қалған. Тәртіп сақшысы лезде бұл жайлы кезекші бөлімге хабарлап, олар келгенше әлгі азаматты теріс ниетінен қайтармақ болған. Асығыс шешім қабылдамауға шақырып, көндіруге бар күшін салды», - делінген ақпаратта.
Оқиға орнына бес минут ішінде келген патрульдік полиция взводының қызметкерлері Айхан Әуталипов және кіші лейтенант Қуат Байшоков 3-қабатқа көтеріліп, ер адамды ұстап алған.
Кейін Алтай қаласының тұрғынымен психологтар жұмыс істеді.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да әйелі тастап кеткен ер адам үшінші қабаттан секірмек болғанын хабарлаған едік.