ШҚО-да тағы бір дала өртімен күрес үшінші күнге созылды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында 300 гектарға жайылған дала өртімен күрес үшінші күнге созылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 5 қыркүйек күні кешкі уақытта Күршім ауданында ашық алаңда өрт шыққан.

Қазіргі уақытта тілсіз жау «Марқакөл» орман шаруашылығына, «Бобровка» орманшылығы мен Төсқайың ауылдық округі аумағына жайылды.

«300 гектар алаңда шөп, бұта мен ағаш өртенуде. Отпен ТЖД өрт сөндірушілері, орманшылар, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен полиция қызметкерлері тарапынан 270-тен астам адам мен 34 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ «МИ-8» және «Еврокоптер» тікұшақтары іске қосылды», - делінген ақпаратта.

Ең жақын орналасқан Төсқайың ауылы мен от ошағының арасы – 10 шақырым.

Елді мекенге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Төсқайың ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері өрт сөндірушілерді ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, көмек көрсетіп жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстандағы Алтай ауданында шыққан дала өртінің 700 гектарға жайылғанын хабарлаған едік.



Видеодан алынған кадр/instagram.com/shygysqaz_tjd



Соңғы жаңалықтар