ШҚО-да тағы да өрт: Құтқарушылар 2 гектарға жайылған дала өртімен күресуде
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында шыққан дала өрті 2 гектар аумаққа жайылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай ауданындағы демалыс базаларының бірінде шөп өртенген.
«Тілсіз жау лезде 2 гектар аумаққа тарап кетті. Қазіргі уақытта оқиға орнына 12 өрт сөндіруші мен 3 автоцистерна, жергілікті атқарушы органнан 6 қызметкер тартылған. Зардап шеккен ешкім жоқ. Өрт демалыс базасындағы үйлерге жетпеді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Сондай-ақ қажет болған жағдайда сол жерге қосымша күш жұмылдырылады. Осы сәтте Өскемен қаласынан 5 өрт сөндіру көлігі мен 20 адам шығуға дайын тұр.