ШҚО-да тау беткейлеріндегі қар қарқынды ери бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының маманы Аяулым Кекиева айтты.
«Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының орташа таулы аймақтарында және олардың оңтүстік беткейлерінде қар жамылғысының қарқынды еруі байқалады. Сондықтан тау өзендерінің су деңгейі көтерілуі мүмкін. Жалпы, облыстың солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс өңірлерінде су тасқыны болуы ықтимал. Барлық гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Гидрологиялық бекеттердегі су сыни деңгейден төмен», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, таулы аймақтарға аэровизуалды тексеру жүргізіліп жатыр.
«Жергілікті атқарушы органдар мен ұтқыр топтар су тасқыны учаскелеріне бақылау жүргізеді. Нәтижесін облыстық штабқа жеткізеді. Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Өзендердің түптерін тереңдету, арналарын бекіту, құм салынған қаптарды төсеу жұмыстары істеліп жатыр», - деді Аяулым Кекиева.