ШҚО-да «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы аясында 25 тонна қоқыс жиналды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — «Әділет» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен қолға алынған «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы Шығыс Қазақстан облысында мәресіне жетті.

ШҚО-да «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы аясында 25 тонна қоқыс жиналды
Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

13-16 қазан аралығына өткен эстафета аясында Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жалпы ұзындығы шамамен 1 800 шақырым жол бойы тазартылып, 150 тонна қоқыс жиналды.

Шара шеңберінде 5 негізгі бағыт бойынша экологиялық, қоғамдық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, жол бойындағы аумақтарды қоқыстан тазарту, экологиялық акциялар мен экоактивитилер өткізу, ауыл тұрғындарымен және жастармен кездесулер ұйымдастыру, тарихи-мәдени орындардағы вандализмге қарсы күреске бағытталған акциялар, сондай-ақ «Чемпиондық рух» жобасы аясында спорттық іс-шаралар өткізілді. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып отыр.

Шығыс Қазақстанда 317 шақырым аумақ қамтылып, 25 тонна қоқыс жиналды. «Жастар Рухы» Жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының консультанты Эльмира Нұрсейітова Road-эстафета экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. 

— Біз эстафетаны көршілес Абай облысынан қабыл алдық. Шығыс Қазақстанда 2 аудан мен 3 ауыл қамтылды. Жалпы саны мыңнан астам жас қатысты. «Таза Қазақстан» — қатардағы тазалық жұмысы емес. Бұл табиғатты, тарихи мұраны және еліміздің болашағын сақтауға қосқан ортақ үлесіміз. Өйткені еліміздің тазалығы әрқайсымыздан басталады! — деді ол.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыдан Қызылордаға дейінгі road-эстафета басталғаны хабарланған.