ШҚО-да техникалық қызмет стансасының жұмысшысы мас күйде клиенттің көлігін айдап кеткен

Өскемен қаласында техникалық қызмет көрсету стансасында жұмыс істейін ер адам мас күйде клиенттің көлігін айдап кетті, деп хабарлайды Kazinform. 

ШҚО
Фото: ШҚО Полиция департаменті

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полицияға хабарласқан қала тұрғыны ТҚКС-қа жөндетуге қалдырған «Suzuki» маркалы автокөлігінің ұрланғанын айтты.

«Белгілі болғандай, көлікті айдап кеткен ер адам алысқа қашып үлгермеген. Көлік бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Соның арқасында оны полиция қызметкерлері тоқтатқан. 29 жастағы азамат сол стансада көлік жөндеуші болып жұмыс істегені анықталды. Сондай-ақ ол мас күйде болған», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта ер адам қолхатпен босатылды. Автокөлікті ұрлау фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізушіге көлікті мас күйде тізгіндегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды.

«Бейнебақылау камералары қылмысты ізін суытпай ашуда және құқық бұзушылықтың алдын алуда көп көмек көрсетеді. 2023 жылы камералар арқылы 141 қылмыс, оның ішінде 12 тонау, 10 бұзақылық, 51 ұрлық және 18 көлікті айдап әкету қылмысы ашылған», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар