ШҚО-да техникалық маман санын арттыру үшін жазғы инженерлік мектеп ашылды

EKTU Educational Academy жазғы инженерлік мектебінде оқушылар физика, математика, информатика пәндерін тереңдетіп оқиды. Оқушыларға тұжырымдамалық инновациялық зерттеулер мен ғылыми жаңалықтарға бағытталған білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік ашылып отыр.

Жобаны ШҚО Білім басқармасы және Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ бірлесіп жүзеге асыруда. Басқарма басшысы Сайрангүл Жұмаділованің айтуынша, болашақ техникалық мамандарды оқытудың маңыздылығы зор.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық мамандықтарға барынша көңіл бөліну қажеттігін айтқан болатын. Жазғы инженерлік мектеп «Простор» экспедициялық кампусында, Бұқтырма су қоймасының жағасында орналасқан. 100-ден астам оқушы өз білімдерін кеңейтіп қана қоймай, жаңа оқу жылы басталар алдында демалып, күш-қуат жинап қайтады», - деді ол.

Айта кетейік, биыл ШҚТУ базасында желілік инженерлік мектеп ашылған болатын. Осы уақытқа дейін 200-ге жуық педагог арнайы біліктілік арттыру курстарынан өтті.