ШҚО-да тексерілген 483 мың жер үйдің тең жартысында пеште ақау болған
Бұл жайлы облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында айтылды.
«Былтырғы өрт қаупі жоғары кезеңде ТЖД мамандары кең ауқымды жұмыс жүргізген. Атап айтқанда, 665 024 адамға пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліп, 483 473 үй тексерілді. Соның нәтижесінде, 212 789 бұзушылық анықталған. Оның ішінде 32 577 бұзушылық бірден жойылды. Осы шаралардың арқасында өңір бойынша жеке тұрғын үйлердегі өрт 24 пайызға азайғаны байқалады. Тілсіз жаудың салдарынан қаза болғандар саны 7 пайызға төмендеген», - деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Иіс тиюдің салдарынан тұрғындардың көз жұмуы жылыту кезеңіндегі өзекті мәселе. Көбінесе жазатайым оқиғалар түнгі уақытта немесе таңертең үй иелері ұйықтап жатқанда болады.
«Шығыс Қазақстанда 12 сәуірден бастап өрт қаупі жоғары кезең басталған. Бүгінгі таңда облыста 23 рет өрт фактісі тіркелді. Аймақ бойынша Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде 85 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Департамент құрамында 2211 адамнан тұратын жеке құрам және 452 техника бар», - делінген ақпаратта.