ШҚО-да төрт жылда дала және орман өртінен келтірілген залал 3 млрд теңгеге жеткен

Шығыс Қазақстан облысында соңғы 4 жылда 500-ге жуық рет орман өртенді, деп хабарлайды Kazinform.   

ШҚО
Фото: instagram.com/glpr.semeyormany

Шығыс Қазақстанның 2 млн гектарға жуық аумағын орман алқабы алып жатыр. Соңғы 4 жылда өңір бойынша 924 рет дала және 493 рет орман өрті болған. Соның салдарынан келтірілген жалпы шығын 3 млрд теңгеге жетті.

«Соңғы 5 жылда орман шаруашылығының мекемелеріне бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенімен, олар қажетті жабдықтармен қамтылмаған. Қолда бар өрт сөндіру техникасы мен көліктердің едәуір бөлігі тозып, ескірген. Кадр тапшылығы да басты мәселелердің бірі болып отыр. Түгел дерлік орман шаруашылығы мекемелерінде маман жетіспеушілігі байқалады», - деп хабарлады ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы.

Ормандарда заңсыз ағаш кесушілер де анықталып жатыр. 2021-2023 жылдар аралығында осындай 101 факті тіркеліп, 10 қылмыстық іс қозғалған.

«Орман алқаптарында ағаштардың өспеуіне орманды молықтыру шараларының дұрыс жүргізілмеуі әсер етіп жатыр. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, орман дақылдарының өмір сүру деңгейі 58%, стандарты кемінде 70%», - делінген ақпаратта.