ШҚО-да туристік аймақтарға апаратын жолдар жөнделеді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында туристік аймақтарға апаратын жолдар жөнделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО әкімі Даниал Ахметов қала және аудан әкімдерімен, басқарма басшыларымен жиналыс өткізді. Соның барысында бірқатар маңызды мәселе талқыланды. Оның бірі – жолаушы тасымалы.
Аймақ басшысының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар бағыттарда қатынайтын тасымалдаушыларға тұрақты негізде субсидия бөлінеді.
«Өскемен-Зайсан» әуе бағытын дамыту үшін Зайсан ауданының әкімдігіне жергілікті әуежайдың ұшып-қону жолағын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындауды тапсырдым.
Жолдарды жөндеуге қатысты айтар болсақ, Риддер қаласы мен Алтай ауданының туристік аймақтарына апаратын жолдарды жөндеу және салу жалғасады», - деді ол.
Жиын барысында Даниал Ахметов Алтай ауданы Жаңа Бұқтырма кентінің тұрғындары көтерген бірнеше мәселеге назар аударды.
«Аталған кентте аурухананы жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайын. Сондай-ақ онда қазақ тілінде оқытатын мектеп салу қажет. Білім ордасының үлгілік жобасы да әзір. Осы туралы өтінішпен маған ауыл тұрғындары бірнеше рет жүгінген еді», - деді Даниал Ахметов.
Бұдан бөлек, жиналыста бордақылау алаңдарының тиімділігі және сауда үшін балық өсіруді субсидиялау мәселелеріне назар аударылды.