ШҚО-да түрмеде жазасын өтеп жатқан шетелдік алғаш рет Наурыз көже дәмін татты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында түрмеде жазасын өтеп жатқан шетелдік алғаш рет Наурыз көже дәмін татты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ОВ156/6 мекемесінде Наурыз мейрамы атап өтілді. Сотталғандар арасында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, дастархан жайылды.
«Бүгінде түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқандар арасында поляк, орыс, белорус және украин ұлттары бар. Солардың бірі – поляк Денис Каминский. Ол ауыр қылмыс жасағаны үшін 8 жылға сотталған», - делінген ақпаратта.
Денистың айтуынша, Наурыз мейрамын темір тордың ар жағында өткізеді деп еш ойламаған. Алғаш рет Наурыз көже мен құрттың дәмін татып көрген ол қатты ұнағандығын жеткізді.
«Бұрын-соңды мұндай керемет тағамдарды жеп көрмеппін. Дәмі тіл үйіреді екен. Жентті де жей бергің келеді», - деді ол.
Сотталғандардың барлығына ұлттық тағамдардың жасалу жолдары мен әдістері айтылды.
«Мұндағы мақсатымыз – қазақ мәдениеті мен ұлттық тағамдардың байлығын көрсету болды. Ұлттық мәзірден түрлі этнос өкілдері дәм татып, өз ойларымен бөлісті», - деді мекеме бастығы Қуаныш Ағысбаев.