ШҚО-да түрмелерге 40 литрден астам алкоголь мен 70 телефонның кіргізілуіне жол берілмеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы түрмелерге 40 литрден астам алкогольдің және 70 телефонның кіргізілуіне жол берілмеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да түрмелерге 40 литрден астам алкоголь мен 70 телефонның кіргізілуіне жол берілмеді
Фото: polisia.kz

ШҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскемендегі №16 түзету мекемесінің қызметкерлері тыйым салынған заттарды түрме аумағына лақтырмақ болған ер адамды байқаған.

«38 жастағы қала тұрғыны алкогольді ішімдікті, тропикамид препараты мен тағамдық көкнәрды түрме сыртындағы қоршаудан ішке қарай лақтыруға әрекеттенген. Алайда, бұған жол берілмеді. Ер адам «сәлемдемені» скотчпен мықтап орап тастаған. Алкогольді жарты литрлік бөтелкелерге құйған», - делінген ақпаратта.

Тыйым салынған заттар тәркіленіп, сараптамаға жіберілді.

Ведомство дерегінше, жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысы түрмелеріне 40 литрден астам алкогольдік ішімдіктің, 1,25 грамм есірткі мен 70-ке жуық ұялы телефонның кіргізілуіне жол берілмеді.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемен қаласындағы түрмеде отырған жазасын өтеуші құқық қорғау органы қызметкерлеріне қару-жарақ тығылған орын туралы ақпарат бергені хабарланған.