ШҚО-да түтінге тұншыққан екі қария ауруханаға жатқызылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында түтінге тұншыққан екі зейнеткер ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Шемонаиха қаласындағы Новосельская көшесінде тұратын әйел адам көрші үйден шыққан түтінді байқап қалып, дереу өрт сөндірушілерді шакырды.
Оқиға орнына келген №28 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері түтін тұмшалаған үй ішіне кіріп, үш адамды құтқарып қалды.
«Құтқарушылар 77 жастағы қарияны, 69 жастағы әже мен 45 жастағы әйелді терезе арқылы сыртқы шығарып үлгерді. Түтінге тұншыққан екі зейнеткер ауруханаға жатқызылды. Анықталғандай, үйді түтін басуына пештегі тамақтың ұмыт қалдырылуы себеп болған», - делінген ақпаратта.