ШҚО-да тұтынушыларға өз құқығын қорғауды үйрететін шеберлік-сағат өтті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында тұтынушыларға өз құқығын қорғауды үйретуге арналған шеберлік-сағат өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Светлана Романовская Өскемен қаласында шеберлік сағатын өткізді. Шараға өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, қоғамдық кеңестердің мүшелері және жастар қатысты.
Шеберлік-сағат бағдарламасы үш тақырыптан тұрды: тауарларды, қызметтерді және жұмыстарды сатып алуға саналы көзқарасты қалыптастыру үшін тұтынушылардың құқығын қорғау аспектілері; медиация – тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасындағы дауларды шешу құралы ретінде; лоббилендіру – халықтың әлеуметтік осал топтары мен қауымдастықтарының мүдделерін ілгерілету. Қатысушылар Қазақстанның әрбір азаматы үшін өзекті болып табылатын ең маңызды сұрақтарға жауап алды. Мәселен, тұрғын үйді басқаруды ПИК-тен МИБ-ке, яғни тұрғын үй иелеріне беру жолдары, ерлі-зайыптылар, туыстар, бизнес-серіктестер арасында туындаған жанжалды жағдайларды соттың араласуынсыз шешу жолдары айтылды. Сондай-ақ тұтынушы ретінде өз құқығыңды қорғау және дұрыс талап қою тәсілдері, тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі тәртіппен кім және қалай шешеді, жәбірленушінің өліміне немесе денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соқпаған ауыр қылмыс үшін қылмыстық жазадан заң бойынша кім құтыла алады, медиация рәсіміне қандай қылмыстар кірмейді деген мәселелер сөз етілді.

Бұған дейін шеберлік-сағат Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде және елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылған болатын. Алдағы уақытта тұтынушылық білім беру академиясы Петропавл, Ақтау, Павлодар, Семей, Шымкент, Тараз және Алматыда офлайн және онлайн форматта өтеді.
«Тауарлар мен қызметтер нарығындағы тұтынушылардың құқықтары күн сайын бұзылады және шағымдардың көбі жосықсыз кәсіпкерлердің үлесіне тиеді. Адамдар өз ұстанымын белсенді түрде жариялап, заңды құқығын сақтауды талап ете бастады. Сондықтан біз «Тұтынушылық білім беру академиясы» жобасын іске қостық. Оның негізгі мақсаты – тұтынушылардың өз құқығы мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде құқықтық сауаттылығын арттыру», - деді Светлана Романовская.
Өз сөзінде ол 30 жылдан астам уақыт бойы адам құқығын қорғаумен айналысатынын және күн сайын оған тұтынушылар көмек сұрап жүгінетінін айтты.

«Тұтынушылармен оңай байланыс орнату үшін біз Тelegram-арнасын іске қостық. Мұнда сіз өзіңізді мазалаған проблемалармен бөлісе аласыз және тұтынушылар бұрын кездескен ұқсас жағдайлар туралы ақпарат ала аласыз. Сонымен қатар біздің мамандардан кеңес алу үшін алдын ала жазыла аласыз. Тек өз құқығыңызды нақты білу және оларды қолдана білу тауарлар мен қызметтер нарығындағы жағдайды реттеуге көмектеседі», - деді С. Романовская
Айта кетейік «Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығы» ЗТБ ел аумағында ұсынылған өнімдердің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйым. Ол 31 жыл бойы өз қатарындағы 60 111 адамның құқықтарын қорғайды. Осы уақыт ішінде Қазақстан тұтынушылар лигасы тұтынушыларға 100 860 906 898 теңге сомасына материалдық және моральдық залалды өтеуге көмектесті.