ШҚО-да Ұлттық бірыңғай тестіге дайындалу үшін дене шынықтыру пәні оқытылмай келген

АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы, Бозай ауылындағы орта мектепте Ұлттық бірыңғай тестке тиянақты дайындалу желеуімен 11-сыныптың оқыту бағдарламасынан дене шынықтыру пәні алынып тасталған.

ШҚО-да Ұлттық бірыңғай тестіге дайындалу үшін дене шынықтыру пәні оқытылмай келген

Мектеп әкімшілігінің ҚР Конституциясына және «Білім туралы» ҚР Заңына қайшы өздігінен қабылдаған мұндай шешімін тексеріс барысында ШҚО Аягөз ауданының прокуратурасы анықтады.

Онымен бірге, аталмыш мектепте үшінші білім тоқсанында дене шынықтыру пәні 11-сыныптардың оқыту бағдарламасынан мүлдем алып тасталғаны анықталды. Мектеп басшылығы, мұндай шешім оқушыларды Ұлттық бірыңғай тестіге тиянақты дайындау мақсатында қабылданғанын айтып ақталды.

Оның үстіне, дене шынықтыру пәнінің оқытушысы осы уақытқа дейін тиісті жалақысын алып келген.

Аталмыш факті бойынша Аягөз ауданының прокуратурасы аудандық білім бөліміне заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс жіберді. Прокуратураның араласуымен Бозай ауылындағы орта мектепте білім алатын 11 сынып оқушылары үшін ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап дене шынықтыру пәні қайта жүргізіле бастады.

Прокурордың ұсынысымен, аудандық білім бөлімі бастығының бұйрығымен мектеп директоры Ж.Мәдімова және оқу жұмыстары бойынша орынбасар Ф.Керімбаева тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімі К.Сапарғалиева заңсыз алған 13 375 теңге көлемдегі жалақысын бюджетке қайтарды.