ШҚО-да үш ауысымды оқу жүйесі түбегейлі жойылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Биыл Шығыс Қазақстанда 3 жаңа мектеп қолданысқа беріледі. Осының арқасында облыста үш ауысымды оқу жүйесі атымен жойылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да үш ауысымды оқу жүйесі түбегейлі жойылды

Жаңа оқу жылында есігін айқара ашатын білім ошағының бірі Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында салынып жатыр. 600 орындық мектептің жанынан 300 орындық интернат та бой көтерген. Ақжарға іргелес елді мекеннің оқушылары осы интернатта тұрып білім алатын болады. Тағы бір 600 орындық мектеп Аягөз қаласының оңтүстік бөлігіндегі «Әскери қалашықта» ашылады.

«Аягөз қаласында мектеп тапшылығы бар болатын. Соның салдарынан мұндай 3 ауысымдық оқу жүйесі жұмыс істеп келді. Жаңа мектеп осы мәселені түбегейлі шешті. Енді облыс мектептері 100% 2 ауысымдық жүйемен білім береді» - дейді облыстық білім басқармасының материалдық-техникалық база бойынша менеджері Лариса Куприна.

Биыл қолданысқа берілетін үшінші мектеп Үржар ауданының Мақаншы ауылында ашылады. Оның сыйымдылығы - 320 орын.

Жалпы, облыс көлемінде алты бірдей білім беру нысаны салынуда. Оның барлығы қолданысқа берілгенде 3820 бала мектеппен қамтылады деп жоспарланған. Салынып жатқан нысанның біреуі мектепке қосалқы ғимарат болса, қалған екі мектеп алдағы жылы есігін ашуы тиіс.