ШҚО-да үш күнде мал ұрлығына қатысты 17 қылмыс ашылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында үш күн ішінде мал ұрлығына қатысты 17 қылмыс ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да үш күнде мал ұрлығына қатысты 17 қылмыс ашылды

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында 15 қарашадан бастап «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы жүргізілуде. Полиция қызметкерлері 3 күн ішінде 17 қылмысты ашқан. Сондай-ақ 66 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды.

«Қараусыз жайылып жүрген 723 мал арнайы тұраққа қамалды. Мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 148 шаруагер ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген ақпаратта.

Шара барысында мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 571 автокөлік, 427 шаруа қожалығы мен ет сатылатын 197 сауда орны тексерілді. Ветеринария саласында құқық бұзушылық жасаған 45 адамға ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес айыппұл салынды.