ШҚО-да үйін су басқан тұрғындар орналастырылатын 121 пункт дайындалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында үйлерді су басқан жағдайда тұрғындар орналастырылатын 121 пункт дайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да үйін су басқан тұрғындар орналастырылатын 121 пункт дайындалды

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында су тасқынының алдын алу шаралары қызу жүргізілуде.

«Қалалар мен аудандардың әкімдіктері жалпы ұзындығы 140 шақырым арнаны, 434 арықты тазартып, тереңдету жұмыстарын жүргізді. Автокөлік жолдарында 1688 су өткізу құрылысы, теміржолдардағы 90 су өткізу құрылысы, 299 көпір тазартылып, 3 су бұру арнасы жасалды», - делінген хабарламада.

Республикалық маңызы бар жолдардағы 334 су өткізу каналы мен 85 көпір қардан тазартылған.

«Облыстағы қала, аудандардың көшелерін қардан тазарту жұмыстары жалғасуда. Қыс басталғалы қазіргі уақытқа дейін 454,8 мың текше метрден астам қар шығарылды. Тұрғын үйлерді су басқан жағдайда халықты уақытша орналастыратын 121 пункт дайындады», - делінген ақпаратта.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны жағдайы ушығып кетсе 1 719 адам, 756 техника, 83 жүзу құралы және 224 мотопомпа сақадай сай тұр. Сондай-ақ қажет болған жағдайда ҚР ТЖМ №68303 әскери бөлімінің күштері мен құралдары жұмылдырылады.