ШҚО-да Ырғызбай ата кесенесін абаттандыруға 50 млн теңге бөлінді
Ел аузындағы аңызға қарағанда, Ырғызбай киелі мекенінде болған әр адам бүкіл ауру-сырқатынан құлан таза айығады. Бұл жерге әртүрлі елден адамдар сыйыну және тазару үшін келеді. Олардың көпшілігі киелі орын аумағын көркейтуге өзінің қайырымдылық үлесін қосып кетеді. Туристердің қаржысына кесене жаңа келбет алып, жанынан 2 мыңнан астам сирек кездесетін және көне кітаптар жинақталған кітапхана, шағын мешіт, қонақүй, сондай-ақ құнды экспонаттар жинақталған мұражай бой көтерді. Қасиетті орынның қараушысы Болат Тағабайдың сөзіне қарағанда, ол көп жылдардан бері жиналып қалған артефактілерді мемлекет меншігіне өткізеді.
«Облыстық бюджеттен қаржы бөлінді, жақын күндері барлық жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет, ал мұражай кешені жетілдірілетін болады», - деді Даниал Ахметов.
Қазіргі уақытта киелі орынның аумағы көркейтілуде. Қазан айының аяғына қарай фонтан салу, айналасын қоршау және электр желісін өткізу жоспарлануда.
Айта кетейік, Ырғызбай ата кесенесі Шығыс Қазақстанның киелі орындарының тізіміне кіреді және «Рухани жаңғыру» аймақтық бағдарламасына енген.