Шығыс Қазақстанда Қытай азаматтары заңсыз алтын өндірісіне тартылған
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен және прокуратурамен бірлесіп, Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылының маңында тиісті рұқсат құжаттарынсыз алтын өндірген адамдар тобының заңсыз қызметін тоқтатты.
Қаржылық мониторнинг агенттігінің хабарлауынша, құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндіру және өңдеу салдарынан қоршаған ортаға елеулі залал келтірілді.
— Атап айтқанда, топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылып, өзен арнасы өзгертілген. Заңсыз жұмыстар жалпы аумағы 30 гектар жер учаскесінде ауыр арнайы техника мен өндірістік кешендерді пайдалану арқылы жүргізілген, — делінген хабарламада.
Заңсыз қызметке 30-дан астам адам, оның ішінде Қытай Халық Республикасының азаматтары тартылған.
Тінту барысында алты 40 тонналық жүк көлігі, төрт шынжыр табанды экскаватор, бір тиегіш, сондай-ақ құрамында алтыны бар кенді өндіруге және жууға арналған екі өндірістік кешен тәркіленді.
Тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында алтын өңдейтін жасырын цех анықталғанын хабарлаған едік.