ШҚО-да заңсыз сақталған 50-ден астам қару тәркіленді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында полицейлер заңсыз сақталған 50-ден астам қаруды тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында 3 ақпаннан бастап «Қару» жедел-алдын алу шарасын өткізуде.
Соның аясында тұрғылықты жері бойынша қару иелері тексеріліп, 193 заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, қаруды сатып алу, сақтау, пайдалану және тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 96 адамға, қаруды тіркеу немесе қайта тіркеу талаптарын сақтамаған үшін 49 адамға айыппұл салынды.

«Бұдан бөлек, ҚР ӘҚБтК-нің 482 бабына сәйкес (қаруды заңсыз иелену, беру, өткізу) 48 адам жауапкершілікке тартылып, 21 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз айналымнан 54 қару мен 230 оқ тәркіленді. Оның ішінде 9 иір ойықты, 25 тегіс ұңғылы мылтық пен 1 граната бар», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, департамент мамандары ҚР Қылмыстық Кодексінің 287-бабына сәйкес заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні немесе жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылатындығын еске салды.