ШҚО-да заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатындар күрт көбейген
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатындар күрт көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, пандемия басталып коронавирус өршіген тұста өңір аумағында жолаушы тасымалдайтын автобустар тоқтаған болатын. Сол кезде азаматтар қала, ауыл арасында қатынайтын таксилердің қызметіне көптеп жүгінген. Қазір індеттің беті қайтқанымен заңсыз тасымалдаушылар қызметі тыйылмай тұр.
«Олар ешқайда тіркелмегендіктен мемлекетке салық төлемейді. Өз қызметін мобильді қосымшалар мен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырады. Біз мұндай тасымалдаушының кім екенін де анықтай алмаймыз. Көбісі ресейлік мемлекеттік нөмірі бар көлікпен жүреді», - дейді басқарма басшысының орынбасары Айжан Рахымбаева.
Оның айтуынша, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатындар күрт көбейіп кеткендіктен шара қабылдануы керек. Бүгінде көлеңкелі бизнестің бұл түріне қатысты атқарылуы тиіс жұмыс жоспары әзірленіп жатыр.