ШҚО-да жабық жолға шыққан жүргізушіге 72 мың теңге айыппұл салынды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жабық жолға шыққан жүргізушіге 72 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы қыста қар қалың жауып, қатты боран соғуына байланысты жолдар жиі жабылуда. Тіпті кейбір күндері өңірдегі барлық жолда көлік қозғалысы шектелген еді.

Осындай кезде полицейлер жолдардың апаттық учаскелерінде күшейтілген режимде жұмыс істеп, жолда қалған жүргізушілерге көмектеседі. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде тұрғындарға өздерінің және жақындарының өмірін қатерге тікпес үшін қолайсыз ауа райында жолға шықпауды ескертіп отырды. Алайда бұл ескертуді тыңдамайтындар да болады.

Мәселен, Зайсан ауданының 39 жастағы тұрғыны полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай, «Toyota Avalon» автокөлігімен жабық тұрған республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» тасжолына шыққан.

Сол үшін жүргізуші Зайсан аудандық сотының шешімімен ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 21 АЕК, яғни 72450 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар
telegram