ШҚО-да жаңа туған нәрестелерге ұлттық киім тарту етілді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз аудандық орталық ауруханасында Наурыз мейрамына орай нәрестелерге ұлттық нақыштағы киімдер сыйға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық киімдер дүниеге келген 5 сәбидің ауруханадан шығу рәсіміне орай табысталды. Сондай-ақ аналарға Наурыз көже таратылды. Бұл ерекше шараға аурухана әкімшілігі себепкер болып отыр.
«Екінші баламды осы Аягөз аудандық орталық ауруханасында дүниеге әкелдім. Бүгін перзентханадан шығар кезде дәрігерлердің өздері ұлттық киім киіп, балаларымызға да қазақтың ұлттық нақышта безендірілген киімдерін сыйға тартты. Ерекше әсер алып, қуанып қалдық», - дейді Үржар ауданынан келген ана Саяжан Сәрсенғали.
Айта кетейік, нәрестелерге арналған ұлттық киімдерді сыйға тарту кезінде барлық санитарлық талаптар сақталған.