ШҚО-да жаңа жылу құбырлары ауылдық округ әкімінің әкесінің үйіне тартылған
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Самар ауылында құны 1,7 млрд теңге болатын жылу желілерін тарту жобасына қатысты дау шықты. 2 мың жеке тұрғын үйдің ішінен мемлекеттік жобаға тек ауылдық округ әкімінің әкесіне тиесілі бір ғана үй енгізілген.
Жылу магистралін қайта жаңғырту және тарту жұмыстары аудан орталығы үшін тарихи оқиғаға айналды. Өйткені бұған дейін ауылда орталықтандырылған жылу жүйесі болмаған. Бюджет есебінен жүзеге асырылып жатқан жобаның бірінші кезеңінде 19 әлеуметтік нысан мен 24 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамту көзделген.
Заңбұзушылық аудан әкімінің жеке қабылдауы кезінде анықталды. Жергілікті тұрғындар жаңа жылу желісіне жеке сектордағы үйлерді де қосуды сұрап келген. Алайда аудан әкімі техникалық және қаржылық тұрғыдан мұның мүмкін еместігін түсіндірген. Себебі жобаның бірінші кезеңі тек әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлерді жылумен қамтуға арналған.
Осы кезде ауыл тұрғындары бюджет қаражаты есебінен Строительная көшесі, 14-мекенжайдағы жалғыз жеке тұрғын үйге дейін құбыр тартылып жатқанын айтып, оның қандай негізде жобаға енгізілгенін сұрады.
Анықталғандай, бұл үй ірі жергілікті шаруа қожалығының иесіне әрі аудандық қоғамдық кеңестің мүшесіне тиесілі. Ол — Самар ауылдық округінің қазіргі әкімі Марат Дюсуповтың әкесі.
Тексеру нәтижесінде құбыр тарту жұмыстары үй иесінің жеке қаражаты есебінен емес, мемлекеттік жоба аясында жүргізілгені расталды. Жобаны әзірлеушілердің түсіндіруінше, құжаттама 2023 жылы дайындалған. Сол кезде тұрғын аумақты аралаған аудандық ТҮКШ бөлімінің қызметкерлері осы үйді көрсеткен. Ал жобалаушылар ғимаратты қызметтік тұрғын үй деп болжап, жылу желілерінің сызбасына енгізген.
— Тұрғындардың өтінішінен кейін бұл жеке үйге қарай құбыр тарту жұмыстарын дереу тоқтатып, тексеру жүргіздік. Жобаға тиісті түзетулер енгізіледі. Строительная көшесіндегі үй сметадан алынып тасталады. Ол құбырлар Колхозная көшесіндегі сегіз пәтерлі тұрғын үйді жылу желісіне қосуға бағытталады. Ол үйде негізінен қарт адамдар тұрады. Жеке нысанның мемлекеттік жобаға енгізілуіне байланысты лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тергеу тағайындалды, — дейді Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов.
Тексеру қорытындысы бойынша аудан әкімдігі жеке тұрғын үйді бюджет есебінен жүзеге асырылатын құрылыс жобасына енгізуге келісім берген шенеуніктердің әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар орталық жылу жүйесін іске қосу мерзімін кешіктірмеу үшін жылумен қамту сызбасы қайта қаралып, тиісті түзетулер енгізуге жолданады.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда үшінші жылу электр орталығында үш қазандық күрделі жөндеуден өткені хабарланған.