ШҚО-да жарылғыш заттар шығарған компанияның жұмысы тоқтатылып, 121 млн тенге айыппұл салынды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жарылғыш заттар шығарған компанияның жұмысы тоқтатылып, 121 млн тенге айыппұл салынды.
ШҚО экология департаментінің мамандары Глубокое ауданы Белоусовка кентінде жарылғыш заттар шығарумен айналысқан ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізді.
«Анықталғандай, жарылғыш заттар жасауға қажетті экологиялық рұқсат қағаздарын алмаған. Бұл Экологиялық кодекстің 106-бабына қайшы. Заң бойынша бұл бапты бұзғандардың қызметі 3 жылға дейінгі мерзімге тоқтатылады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Компания басшылығы экология департаменті инспекторларының тексеру нәтижелерімен келіспей, сотқа шағым түсірді. Десе де Шығыс Қазақстан облыстық соты сот алқасының шешімімен департамент қызметкерлерінің әрекеті заңды деп танылған.
«Анықталған заңбұзушылықтар үшін компанияға 121 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар ЖШС қызметі үш жылға тоқтатылды», - делінген ақпаратта.