ШҚО-да жас кәсіпкер мысыр тауығын асырап жүр

Мейрамбек Әлиханның Қытайдан қоныс аударғанына бір жыл болған. Мысыр тауығын өсіруді сол жақта үйренген екен. Қазір сол көргені бойынша өз бизнесін бастап отыр.
«Қытайда бұларды меруерт тауық деп атайды. Мен жұмыс істеген кәсіпорында мыңдаған тауық өсіретін. Бұл құстардың бабын, қандай жем жейтінін, қандай күтім керек екенін жақсы білемін. Сондықтан, осы іске бет бұрдық» - дейді жас кәсіпкер.
Айтуынша, жұбайы екеуі де «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, іскерліктің әліппесін меңгерген. Ал «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша берілетін грантқа инкубатор аппаратын сатып алған. Мысыр тауығының 50 балапанын Алматы облысынан тапсырыспен алдырыпты. Бұлар жетілген соң жұмыртқасын осы инкубаторда шайқайды.
«Аппарат 250 мың теңгеге шықты. Бір жолда 1056 жұмыртқа шайқайды. Одан үлкенін алуға гранттың ақшасы жетпеді. Ресейден 500 қаздың жұмыртқасына тапсырыс беріп қойдым. Оларды да осы инкубаторда шайқаймыз. Бұйырса мысыр тауығының санын 3000-нан асырсам деген ой бар» - дейді Мейрамбек.
29 жастағы жігіт құстың бұл түріне Алматы мен Астана мейрамханаларында сұраныс жоғары екенін айтады. Бірақ алғашқы өнімді зайсандық жерлестеріне ұсынбақ. Ал келешекте халықаралық интернет сауда желісі арқылы сатуды жолға қоймақшы.
«Нарықта бір жұмыртқасының өзі 350 теңге тұрады. Халықаралық интернет сауда сауда желісіне тауар өндіруші ретінде кіру үшін құстың басы 3000-нан асуы тиіс екен. Бір келгенде 2000 дана жұмыртқа тапсыра алатын деңгейге жетсек, өздері-ақ әкетіп отырады. Менен тек ветеринарлық стандарттарды қатаң сақтау талап етіледі. Яғни сыртқа тасуға ешқандай шығын кетпейді. Ол межеге жету үшін әуелі 0,4 гектар жер алып, арнайы қоражай салу қажет. Қазір сол жер рәсімдеу мәселесімен айналысып жүрмін. Осы мәселе жылдам шешілсе, ісім алға басып кетер еді» - дейді жас кәсіпкер.