ШҚО-да өзен-көлдерде қауіпсіздік шараларын сақтамаған 11 адам жауапқа тартылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жаз басталғалы бері өзен-көлдерде қауіпсіздік шараларын сақтамаған 11 адам жауапқа тартылды.
Су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында құтқарушылар, полицейлер және көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері жаппай демалыс орындарын бақылап жатыр.

«Соңғы рейдтердің бірі Бұқтырма су қоймасында жүргізілді. Демалушылар арасында жүзу құралдары мен катамарандарға құтқару кеудешелерін кимей мінгендер, жабдықталмаған орындарда шомылғандар анықталды. Халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескертпе қағаздары таратылды», - дейді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы.
Шомылу маусымы басталғалы бері өңір бойынша барлығы 713 рейд жүргізілген. Соның нәтижесінде қауіпсіздік шараларын сақтамаған 11 адам ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осы ретте, құтқарушылар демалушыларға келесі ережелерді қатаң сақтау қажеттігі туралы ескертті:
- Тек жабдықталған жағажайларда шомылыңыз.
- Жүзу құралдарына отырмас бұрын құтқару кеудешесін киіңіз.
- Қайықтар мен катамарандардан суға секіріп сүңгуге тыйым салынады.
- 16 жасқа дейінгі балаларға ересектерсіз жүзу құралдарымен жүруге болмайды.
- Қандай да бір төтенше жағдай болса, бірден «112» нөміріне хабарласу қажет.