ШҚО-да жыл басынан бері жер үйлерде 342 өрт шықты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың басынан бері барлығы 500-ге жуық өрт болса, оның ішіндегі 342-сі жер үйлерде шыққан.

өрт
Фото: Жамбыл облысы ТЖД

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар үйлерді аралап, халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

«Бүгінгі күнге дейін олар 52 мыңнан астам үйді аралап шықты. Соның нәтижесінде, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 13 090 дерегі тіркеліп, сол жерде жойылды. Жыл басынан бері облыс аумағында барлығы 492 өрт шыққан. Оның 342-сі жеке тұрғын үй секторында болды. Бұл барлық өрттердің 69%-ын құрайды», - делінген ақпаратта.

Өңір бойынша әлеуметтік осал санаттағы отбасылар тұратын 3 101 үй бар. Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында ТЖД қызметкерлері мұқтаж және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға түтін мұржаларын тазалау, пеш жабдықтарындағы жарықтар мен саңылауларды жою, пеш алдындағы қорғаныш металл қаңылтырды орнату сынды көмектер көрсетті. 

Сондай-ақ осындай отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктер орнатылып жатыр. Соңғы жылдары орнатылған осы құрылғылардың арқасында 42 адамның өмірі құтқарылды.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары күзгі балық аулаудың қаупі жайлы ескерткен болатын.