ШҚО-да жоғалған үш жасар баланы іздеуге 621 адам және тікұшақ тартылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында жоғалған 3 жасар баланы іздеуге 600-ден астам адам тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да жоғалған үш жасар баланы іздеуге 621 адам және тікұшақ тартылды

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ұлан ауданы Таврия ауылында полицейлер, құтқарушылар, еріктілер мен жанашыр тұрғындар түні бойы 3 жасар баланы іздеген.

Әділхан Сейсембайдың жоғалып кеткені туралы оның әкесі полицияға хабарлады.

Айтуынша, бала әдеттегідей аулаға ойнауға шыққан, бірақ біраз уақыттан кейін жоғалып кеткен. Осы уақытқа дейін оның қайда екені белгісіз.

«Қазіргі уақытта ауқымды іздестіру операциясы жүргізіліп, ауыл аумағы 16 секторға бөлінген. Барлығы 621 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ квадрокоптерлер мен тікұшақ тартылған», - делінген ақпаратта.

Баланың бойы 90-100 см, дене бітімі арық, шашы қара, көзі қоңыр.

Үстінде жасыл түсті футболка, ақ-көк түсті қалпақ, жасыл түсті шорты, қара-көк түсті кроссовка болған.

Жоғалған баланың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат болса «102» жедел арнасына хабарласу қажет.