ШҚО-да жоғары сыныптың сегіз оқушысы ауылдастарын өлтіріп, қар астына көміп тастаған

Мұнда жоғары сынып оқушылары өздерінен бір-ақ жас үлкен ауылдастарын алдымен буындырып өлтіріп, кейін қардың астынан көміп тастаған. Бұл туралы "Экспресс К" газеті жазды.
11 қаңтарда Жаңасемей ауданының Знаменка ауылында 18 жастағы жігіт жоғалып кетті. Сол күні ол серуендеуге шығып, үйіне оралмады. 14 қаңтарда жігіттің әкесі ұлының жоғалғандығы туралы полицияға хабарлады. Іздестіру жұмыстары басталды.
«Қылмыс 5 наурыз күні әшкере болды, сол күні жеткіншектің мәйіті табылды. Тергеушілер анықтағандай, 11 қаңтарда оны жоғары сыныптың сегіз оқушысы соққыға жыққан. Бастапқыда жігіт қашып құтылмаққа әрекеттенеді, бірақ күштер тең болмады. Оқушылар марқұм жігіттің мойнына жіпті орап, буындырды. Кейін денесін жолдың жиегіне сүйреп апарып, сол жерде қарға көміп тастаған», - деді Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Торғаев.
Қылмыстық іс қозғалды. Ұрып-соғуға және кісі өлтіруге қатысы бар сегіз жасөспірім ұсталып, қамауға алынды. Олар өздерінің түсініктемелерінде мәлім еткендей, өздерінен бір жас үлкен болған марқұм жігіт олардан ақша бопсалап, соққыға жыққан, осылайша олар кек қайтармақ болған. Тағы бір болжам бойынша, жігіт өзінің дұрыс жүріс-тұрысымен және үнемі ақыл айтуымен олардың ашуын тудырған.