ШҚО-да жол бойында тұрған мектептердің аумағына 120 ескерту белгісі қойылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жол бойында тұрған мектептер аумағына 120 ескерту белгісі қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жыл сайын жаңа оқу жылы басталар алдында полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп «Абайлаңыз, балалар!» жедел алдын алу шарасын жүргізеді. Мұндағы мақсат – балалардың жол-көлік оқиғаларына тап болуының алдын алу.
«Бүгінгі таңда облыс бойынша 222 мектеп пен балабақша көлік жолының маңайында орналасқан. Шара барысында оның 78% пайызы тексеріліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 120 ескерту жол белгісі қойылды, 4050 метр тротуар салынды. Сондай-ақ рұқсат етілген жылдамдықты шектеу үшін тиісті белгілер де орнатылған», - деді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Талғат Нұриев.
Осы ретте, полиция қызметкерлері көлік жүргізушілеріне барынша абай болып, жол ережесін сақтауға, ал балаларды жолға жүгіріп шықпауға шақырады.