ШҚО-да жол ережесін бұзған жүргізушілер 116 млн теңгенің айыппұлын төлемей жүр
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жол ережесін бұзған жүргізушілер 116 млн теңгенің айыппұлын төлемей жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары жол ережесін бұзып, айыппұлды төлемеген жүргізушілерді анықтады.
«Полицейлер «Қорғау» мобильді қосымшасының көмегімен және прокуратура өкілдерінің, жеке сот орындаушыларының қатысуымен «Борышкер» жедел алдын алу шарасын өткізді. Соның барысында борышкерлер мен жол жүрісі қағидаларын қасақана бұзушылар іздестірілді. Шараның жеті күнінде 1981 әкімшілік іс бойынша 25,9 млн теңге өндірілді. Сонымен қатар төленбеген айыппұлдар үшін мамандандырылған автотұрақтарға 51 көлік қойылды», - делінген ақпаратта.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері 96 мыңнан астам құқық бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін 116 млн теңгеден астам сомаға 17 мың қаулы өндірілмеген күйінде қалып отыр.
Еске салсақ, кеше Өскеменде есірткі қабылдап көлік тізгіндеген зейнеткер ұсталғанын хабарлаған едік.