ШҚО-да жол сапасын тексеру барысында 150-ден астам ақау табылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жол сапасын тексеру барысында 150-ден астам ақау анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да жол сапасын тексеру барысында 150-ден астам ақау табылды

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп жол сапасын тексерді.

Соның нәтижесінде, жол қозғалысы қауіпсіздігіне теріс әсер ететін 150-ден астам ақау анықталған.

«Мердігер ұйымдарға кемшіліктерді жою бойынша 200 ұйғарым жіберілді. Жолдарды күтіп-ұстауда кемшіліктер жіберген жол қызметтерінің 11 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл тізімде қала, ауылдық округ әкімдері, ТҮКШ бөлімдерінің басшылары мен мамандары, квазимемлекеттік сектор өкілдері және мердігерлік ұйымдардың заңды тұлғалары бар», – дейді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.

Осы жылдың басынан бері полицияның ұсыныстары бойынша жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Өскемен, Семей қалаларында, Тарбағатай және Көкпекті аудандарында 6 бағдаршам орнату және жаңғырту жұмыстары басталды.

500 шақырымнан астам көшелер мен жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да елік атқан браконьер сотталғанын хабарлаған едік.