ШҚО-да жолаушылар автобусы аударылып қалды

«Алдыңғы күннен бастап дауылдың болатыны туралы ескертіліп келеді. Шығыс Қазақстанның кейбір өңірлерінде жылы болып тұр. Бұған қоса 30 метр/секундтық қатты жел бар. Осыған байланысты ШҚО-да кеше бірқатар республикалық және облыстық жолдар жабылған еді. Кейбір жолдарда рейстік автобус пен ауыр жүк көліктеріне шектеу қойылған. Өскемен - Риддер жолына кеше шектеу қойылғанымен, бүгін таңертең бұл шектеу алынып тасталған. Осылайша, таңертең рейстік автобус Риддерге жол тартқан. Быструха ауылының тұсында өте бергенде, жүргізушінің айтуынша, рөлдік басқаруда мәселе туындап, жол-көлік оқиғасы орын алған», - деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен Анастасия Скляр.
Оқиға орнына жедел жәрдем келіп жеткен.
«Мен қазіргі уақытта не болғанын, яғни ол автобустың аударылғанын немесе жол шетіне шығып қалғанын нақты айта алмаймын. Растайтын ақпарат күтіп отырмыз. Бірақ, «112» нөмірі арқылы оқиға орнына жедел медициналық қызметкерлердің жеткені белгілі болды. Онда қазір жол сақшылары, ТЖД қызметкерлері жұмыс атқарып жатыр. Бірнеше адам ауруханаға жеткізілген. Бірақ, ауыр жарақат алғандар туралы ақпарат келіп түскен жоқ. Оқиға шамамен 1 жарым сағат бұрын орын алған», - дейді Скляр.
Оның айтуынша, автобуста шамамен 15 адам болған. Жолаушылардың кейбірі көлік тоқтатып ары қарай сапарын жалғастыруда.
Ал жергілікті yk-news.kz сайтының хабарлауынша жолаушылар автобусы аударылып қалған.
«Қазавтожол» мекемесі жол-көлік оқиғасы орын алған участокта жүруге шектеу қойып отыр.