ШҚО-да жолда қалған 100 көлік жүргізушісіне көмек көрсетілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар жолда қалған 100 көлік жүргізушісіне көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да жолда қалған 100 көлік жүргізушісіне  көмек көрсетілді

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 20 наурызда сағат 01.50-де республикалық маңызы бар «Семей-Қайнар» тасжолында қалған жүргізушілерге құтқарушылар мен «Қазавтожол» ЖШС қызметкерлері көмекке аттанды.

«Жеке құрамнан 10 адам және 5 техниканың көмегімен жолда тұрып қалған 100 көлік тазаланған жол учаскесіне дейін шығарып салынды. Онда 40 жүк көлігі мен 60 жеңіл көлік болған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сондай-ақ Ауди көлігіндегі 6 адам Семей қаласына эвакуацияланған. Олар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.

Осы ретте, ТЖД азаматтарға дауылды ескерту туралы хабарлама алғанда елді мекеннен алыс сапарға шықпау қажеттігін ескертеді. Жолдардың жай-күйі туралы «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы біліп отыруға болады.