ШҚО-да жолда қалған автобустан 53 адам эвакуацияланды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары жолда қалған автобустан 53 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да жолда қалған автобустан 53 адам эвакуацияланды

ШҚО Төтенше жағдайлар баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 10 ақпан күні Жарма ауданы Сұлусары ауылының маңындағы жолда вахташылар отырған автобус сынып қалды. Оқиға орнына №32 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келіп жеткен.

«Құтқарушылар аудандық полиция бөлімінің сақшылары және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп 53 адамды «КҮНГ» автокөлігімен эвакуациялады. Қалбатау ауылына жеткізілген олар спорт мектебіне орналастырылды», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ 11 ақпанда таңертең Аягөз ауданында «Ауди С4» және «ИЖ» маркалы 2 автокөлік жолда қалған. Онда 4 адам отырды. Құтқарушылар шұғыл түрде сол жерге жетіп, көліктерді Аягөз қаласына дейін шығарып салды.