ШҚО-да жолдар жабылуда
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Ауа райының қолайсыздығына байланысты Шығыс Қазақстан облысының бірнеше бағыттағы жолы жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әуелі таңғы сағат 8.30-да «ҚазАвтожол» мекемесі «Өскемен-Риддер-Ресей» бағытындағы жолдың 15-105 шақырымы аралығында жүк көліктері мен автобустар үшін қозғалысты тоқтатқан болатын. Одан кейін «ОблысШығысЖол» мекемесі «Өскемен-Горная Ульбинка-Северное» бағытындағы жолдың 30-37 шақырымы жабық екенін хабарлады. Бұл бағытта көшкін түсу қаупіне байланысты шектеу барлық көліктерге бірдей жарияланып отыр.
Сағат 10.35-тен бастап «ҚазАвтожол» мекемесі «Өскемен-Семей» бағытындағы жолдың 48-198 шақырымдарында қозғалысты шектеді. Таврия ауылы мен Семейдің арасында жел күшейіп, жол көктайғаққа айналған. Аталмыш мекеменің мәліметі бойынша дәл осы уақыттан бастап Семей-Ресей Федерациясы бағытындағы жолдың 3-113 шқырымында да көктайғақ қалыптасқан. Бұл бағытта жүк көліктері мен автобустардың қозғалысына шектеу қойылды.
Көктайғаққа байланысты Өскемен-Шемонаиха-Ресей бағытындағы жолдың 15-123 шақырымында сағат 11.15-тен бастап жүк көліктері мен автобустар үшін қозғалыс шектелді.