ШҚО-да жүкті әйел құтқарылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Күршім ауданында ана мен баланың өмірін «Қазәуеқұтқару» мекемесінің ұшқыштары құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да жүкті әйел құтқарылды

Шытырман оқиғалы фильмге ұқсас жағдай Күршім ауданының Марқакөл ауылында болған. 12 тамыз күні толғақ қысқан әйелдің денсаулығы мүшкіл екенін білген дәрігерлер науқасты облыс орталығына шұғыл түрде жеткізу қажет деген шешімге келеді.  Алайда, күн жаңбырлы болғандықтан, «Қазәуеқұтқару» мекемесіне тікұшақ шығаруға болмайтын болған. Адам өмірін құтқаруда әрбір секунд маңызды екенін білетін дәрігерлер уақыт жоғалтпастан, жүкті әйелді жедел жәрдем көлігіне салып жолға шығады. Бұл кезде «Қазәуеқұтқару» мекемесінің экипаж командирі Андрей Бухал мен ұшқыш Данияр Тоқтарұлы ауа райының құбылуын бақылап, кезекшілікте отырған. Науқастың бағына орай, аспан кенет ашылып, тікұшақ экипажы жедел жәрдем көлігіндегі дәрігерлер мен науқасты орта жолдан алып кеткен.

«Тікұшақ жедел жәрдем көлігін  Күршім ауданының аумағында қуып жетті. Соның арқасында жүкті әйел облыс орталығына дер кезінде жеткізілді. Жыл басынан бері «Қазәуеқұтқару» мекемесінің ұшқыштары Шығыс Қазақстанда 84 құтқару операциясына қатысты. Олардың 70 пайызында жаңа туған нәрестелерге көмек көрсетілген» - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің маманы Наталья Большакова.