ШҚО-да жүргізуші тіркемесі өртенген жүк көлігімен бірнеше шақырым жүріп өткен
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жүргізуші тіркемесі өртенген жүк көлігімен бірнеше шақырым жүріп өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін республикалық маңызы бар «Алматы-Өскемен» тасжолының 680-шақырымында келе жатқан жүк көлігінің тіркемесін жалын шарпыған. Ер адамға өрт шыққаны жайлы басқа жүргізушілер белгі берді. Ол тоқтаған кезде тіркемесінің өртеніп жатқанын көріп, дереу «101» нөміріне хабарласты да, тіркемені көліктен ажыратқан.
Жақын маңда жүрген тиегіш отқа оранған тіркемені жолдан бір шетіне қарай ысырып тастады. Жол қызметінің жұмысшылары жалынды қармен басып өшірмек болды, алайда от дес бермеген.
«Оқиға орнына бірінші болып Таскескен ауылындағы өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан 2 адам мен 1 автоцистерна келіп жетті. Олар лезде тілсіз жауды сөндіруге кіріскен. Көмекке №17 өрт сөндіру бөлімен 5 адам мен 1 автоцистерна келді», - делінген хабарламада.
Өрттің жалпы ауданы - 19,2 шаршы метрді құраған. Жалынның шығу себебі – қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқарудан болуы мүмкін.
Айта кетейік, 2021 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстанда 45 автокөлік өртенген.