ШҚО-да жүріп келе жатқан екі көліктен өрт шықты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында демалыс күндері үш жеңіл көлік өрттен зардап шекті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Өскемен-Семей тас жолында қозғалыс үстіндегі «БМВ» жеңіл көлігінің мотор бөлігінен өрт шықты. Жалын машинаның ішкі жағын, кузовтың сыртын және жүк салғыш бөлігін шарпыды. Жалынды оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер ауыздықтады. Құрбандар жоқ.
Екінші оқиға Зайсан ауданында болды. Зайсан-Теректі жолында «Ауди» көлігі өртке оранған. Өрт сөндірушілер шақырылған жоқ, оқиға материалдарын жинаумен төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы жүргізді.
Тәулік ішіндегі автокөліктердің үшінші жану оқиғасы Семейдің Дулатов көшесі бойында болды. Өрт автотұрақта тұрған «Фольксваген Пассаттың» мотор бөлігінен шыққан.
Жүргізушінің бағына қарай, өрт сөндірушілер бірнеше минутта жетіп, тілсіз жауды дереу ауыздықтап үлгерді.
ТЖД ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері көліктердің жануына қатысты 110 факті тіркелген. Олардың басым бөлігінде жүргізушілердің өртке қарсы қауіпсіздік шараларына селсоқ қарауы себеп болуда.