ШҚО-да жыл басынан бері 150 өрт болды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары биыл 150 рет өрт сөндіруге барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында жыл басынан бері 150 рет өрт шыққан. Оның ішіндегі өрттердің 42 пайызы электр жабдықтары мен аспаптарын талапқа сәйкес пайдаланбаудан болған. Соңғы осындай өрт Өскемендегі «Звезда» саяжай қауымдастығының аумағында шықты.

«Оқиға орнына жедел келіп жеткен өрт сөндірушілер барлау жүргізді. 2 қабатты саяжайдағы шатырдың ағаш құрылымдары, есік, жиһаз, тұрмыстық техника мен жеке заттар жанып жатқан. Көп ұзамай жалпы ауданы 80 шаршы метрді құраған тілсіз жау толықтай ауыздықталды. Жалынды сөндіруге барлығы 7 техника мен жеке құрамнан 25 адам жұмылдырылған», - делінген ақпаратта.

Ведомство дерегінше, шамадан тыс жүктелген ұзартқыш сымдар, тоңазытқыштар, зарядтау кезінде қараусыз қалған ұялы телефондар көп жағдайда от шығуына әкеліп соғып жатады.

«Пәтерлер мен жер үй тұрғындары қолданатын электр құралдарының саны жыл сайын артып келеді. Ал өрт қауіпсіздігі туралы бәрі бірдей ойлана бермейді. Ешқашан электр құрылғысын қосулы күйде қалдырып кетуге болмайды. Соның салдарынан бүкіл үйге қауіп төнеді. Пәтерден шыққан кезде барлық құрылғыларды розеткалардан өшіріп жүріңіз», - дейді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Болат Тоқтарғалиев.


Соңғы жаңалықтар
telegram