ШҚО-да жыл бойы жылқы ұрлаумен айналысқан баукеспелер ұсталды
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері Үржар ауданы Алтыншоқы ауылының 33 және 43 жастағы екі тұрғынын қолға түсірді. Қазіргі уақытта олардың мал ұрлығының 8 фактісіне қатысы бары анықталып отыр.
Мәселен, осы жылдың тамыз айының соңында алдын ала сөз байласқан ер адамдар Таскекен ауылының шетіндегі жайылымнан 5 жылқыны айдап кеткен. Баукеспелер жыл бойы Үржар ауданындағы көрші ауылдардан сиыр мен жылқыны түн жамылып ұрлап келген. Малдың бір бөлігі сойылса, қалғаны тірідей сатылған.
«Күдіктілер ұрланған малды Түркістан облысының тұрғынына сатып, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Ұсталғандардың бірінің үйін тінту кезінде, ауласында екі құлыны бар бие, мал терілері және 200 келідей ет табылды», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Барлық фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188- бабы 1-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.