ШҚО-да жыл соңына дейін 277 ІТ-сынып ашылады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан мектептерінде жыл аяғына дейін 277 ІТ-сынып ашылады. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов дарынды балалармен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік балаларды қорғау күнінде Даниал Ахметов аймақтың дарынды балаларымен кездесті. Республикалық «Нұр Отан - балаларға!» акциясы аясында дарынды өрендер аймақ басшысымен бейресми жағдайда сұхбат құрды. Әкім олармен еліміздің даму бағыты жайында әңгіме өрбітіп, Төртінші өнеркәсіптік жаңғыру жағдайына тоқталды.
Бүгін «Нұр Отан» партиясының саяси бюро жиынында Қазақстан бойынша 1000 тегін IT-сынып ашу міндеті қойылғаны белгілі. Сол міндеттің Шығыста қалай іске асатыны да айтылды.
«Шығыс Қазақстан бұл міндетті жыл көлемінде шешеді. Межедегі 1000 сыныптың 277-сі біздің өңірде ашылуы тиіс. Қолданыстағы робот техникасы кабинеттерін компьютерлік сыныптармен кіріктіреміз. Жақын арада Өскеменде бағдарламалау ісінің шеберлері салалық форумда бас қоспақ. Оған ересек білгірлер мен қатар, талантты балаларды да шақырамыз. Бүгігі кездесуге қатысқан ұл-қыздар сол форумға қатысатын мықты бағдарламашылардың ізбасарына айналуын қажет», - деді аймақ басшысы.
Кездесуге шақырылған 26 балаға Даниал Ахметов салауатты өмір салтын сақтау үшін велосипед сертификаттарын табыс етті.