ШҚО-да жылу ақысын артық төлеген тұрғындарға 445 млн теңге қайтарылмақ
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жылу ақысын артық төлеген тұрғындарға 445 млн теңге қайтарылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ШҚО бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2022-2023 жылғы жылыту маусымының корытындысына сәйкес өңір бойынша жылумен жабдықтау қызметінің құнын қайта есептеу жұмыстары жүргізілді.
«Соның нәтижесінде, халыққа қайтарылуы тиіс сома 445 млн теңгені құрады. Оның ішінде «Риддер жылу электр орталығы» АҚ – 292 722 57 теңге, «Өскемен жылу желілері» АҚ – 128 394 227 теңге, «Теплоэнергия» МКК – 12 053 006 теңге, «Востокэнерго» ЖШС – 11 388 124 теңге», - делінген ақпаратта.
Ведомство дерегінше, енді барлық тұтынушылар үйдегі жалпы жылу есептегіш құралдарын пайдалануға ауысатындықтан, тұтынушы тек нақты тұтынған жылу мөлшері үшін төлейтін болады.
Еске салсақ, осыған дейін Риддер жылу орталығындағы 4 қазандық 20 қыркүйекке дейін іске қосылатындығы хабарланған.