ШҚО-да жылыту маусымы басталғалы бері 648 өрт болып, 36 адам көз жұмған
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй секторында 648 рет өрт шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Ринат Қондыбаевтың айтуынша, өрттен 36 адам қаза болған. Ал иіс тиіп көз жұмғандар саны 22 пайызға артып, 11 адамды құрады.
«Жалпы иіс тиюден 75 адам зардап шекті, оның 30-ы бала. 70 пайыз жағдайда уланудың негізгі себептері - өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, пеш мұржаларын уақытылы тазаламау», - деді ол.
Сондай-ақ соңғы уақытта жер үйлер мен саяжайларда өрт оқиғалар жиілеп кеткен.
«Өңір жұртшылығы саяжайларды қыста тұру үшін қамдаған кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын ескермей жатады. Міне, осының салдарынан қызыл жалынның шығу қаупі артады. Жылыту маусымы басталғалы бері тұрғын үй секторында тіркелген өрттердің жалпы санының 5 пайызы саяжайларда болған», - деді Ринат Қондыбаев.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құтқарушылар тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда 402 мың үй, 558 мың адам қамтылған. Нәтижесінде, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 167 мың тұрғын үй анықталды.