ШҚО-да жылжымалы кешен дәрігерлері түкпірдегі ауылдардың 3 мыңға жуық халқын қабылдады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы жылжымалы медициналық кешен дәрігерлері түкпірдегі ауылдардың 3 мыңға жуық халқын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да жылжымалы кешен дәрігерлері түкпірдегі ауылдардың 3 мыңға жуық халқын қабылдады
Фото: ӘМСҚ ШҚО филиалы

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ШҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс аумағында жылжымалы медициналық кешендер жұмыс істеуде.

Сол арқылы шетте жатқан ауылдардың тұрғындарына жан-жақты медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Соңғы рет осындай кешен Күршім ауданында болып қайтты.

Автобустың ішінде ең заманауи жабдықтар бар. Ондағы түрлі медициналық мамандар халықты еш ақысыз қабылдайды.

Сол жерде толыққанды тексеріп, анализдер де алады.

«Жылжымалы кешенге келгендер ЭКГ маммография, флюрографияға түсіп, гинекологтың қарауынан өтіп, жалпы қан анализін тапсыра алады. Жыл басынан бері тоғыз елді мекенді аралап, 3 мыңға жуық науқас қабылданды. 1300 диагностикалық зерттеу, 2035 зертханалық процедуралар жасалды. Соның нәтижесінде 44 науқас анықталып, 11 адам диспансерге жатқызылды», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін «Саламатты Қазақстан» пойызының дәрігерлері Алтай ауданының халқын қабылдағанын хабарлаған едік.