ШҚО-дағы 30 000-нан астам жер үйде өрт қауіпсіздігі сақталмаған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM –Шығыс Қазақстан облысындағы 30 000-нан астам жер үйде өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмағаны анықталды.

өрт қауіпсіздігі
Фото: ШҚО ТЖД

ШҚО ТЖД қызметкерлері акция өткізді. Ондағы мақсат – үйлерде өрт шығу мен көміртегі тотығымен улану жағдайларының алдын алу, жұрттың қауіпсіздік мәдениетін арттыру.
Соның барысында құтқарушылар тұрғын үйлерді аралап, пеш мұржаларының қаншалықты тазаланғанын тексерді. Белгілі болғандай, 10 үйдің 5-інде мұржа күйеден жеткілікті түрде тазартылмаған.

жер үй
Фото: ШҚО ТЖД

«Пеш мұржасы тарихта алғаш рет 1639 жылы Копенгагендегі Дания королі Кристиан төртіншінің сарайында тазартылды. Осыдан кейін тұрғындар өз пештеріндегі түтін тарту сапасы туралы ойлана бастады. Сол кезде мұржаны тазалап беретіндер кәсібі де кең тарап кеткен. Ал қазіргі заманда адамдар пешті өздері тазалайды. Бірақ статистика көрсеткендей, кейбіреулер мұның қаншалықты маңызды екенін елемейді. Жылыту маусымы басталғалы бері облыста 17 адамға, оның ішінде 10 балаға иіс тиген», - дейді ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

өрт қауіпсіздігі
Фото: ШҚО ТЖД

Құтқарушылар осыған дейін барлығы 157 000-нан астам үйді аралап, тұрғындарға профилактикалық нұсқаулық жүргізген. 30 000-нан астам жер үйде өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмағаны анықталды.