ШҚО-дағы аудандардың бірінде жүргізуші куәлігін заңсыз алған 6 адам анықталды

Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында денсаулығына байланысты көлік тізгіндеуіне тыйым салынған 6 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алғаны анықталды, деп хабарлайды Кazinform

ШҚО
Фото: Kazinform

ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Самар ауданында жүргізілген тексеру барысында медициналық қарсы көрсетілімдеріне байланысты көлік жүргізуге тыйым салынған адамның жүргізуші куәлігін заңсыз алғаны белгілі болды. 

«Дәрігерлік-консультациялық комиссияның 2023 жылғы 15 маусымдағы қорытындысына сәйкес, ер адамның көлік тізгіндеуге қарсы көрсетілімдері болған. Алайда ол соған қарамастан жүргізуші куәлігін алған. Тағы 5 адамға қатысты осындай факті анықталды. «Жол қозғалысы туралы» ҚР Заңының 3-бабы 3-тармағына сәйкес, жол жүрісі ережелерінің бірі - жол жүрісі қатысушыларының, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін сақтау. Осыны ескеріп, прокуратураның қадағалау актісі бойынша полиция сотқа осы адамдардың көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату туралы талап арыз берді», - делінген ақпаратта. 

Сот қарауының нәтижесінде 6 адам көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.