ШҚО-дағы баспана нарығы: Құрылыс қарқынды болса да үй бағасы неге арзандамай тұр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысының көлемі соңғы бірнеше жылда тұрақты өсіп келеді. Соған қарамастан жаңа пәтер бағасы төмендеген жоқ. Өңірде жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа құны 530,8 мың теңгені құраса, республика бойынша бұл көрсеткіш – 617,6 мың теңге.
Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үй бағасына құрылыс көлемінен бөлек, сұраныс, ипотекалық бағдарламалар және нарықтағы ұсыныс әсер етеді. Kazinform тілшісі бұл мақалада облыстағы баспана нарығының қазіргі ахуалын зерделеп көрді.
Бүгінгі баға қандай?
ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың жаз айының басында облыстағы жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 530,8 мың теңгені құраған. Ал Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, республика бойынша жаңа тұрғын үйдің орташа бағасы – 617,6 мың теңге.
Соңғы үш жылда өңірде тұрғын үй құрылысының көлемі тұрақты түрде өсіп келеді.
– 2023-2025 жылдары Шығыс Қазақстанда жалпы ауданы 1,16 млн шаршы метрді құрайтын 2 644 тұрғын үй немесе 9 120 пәтер пайдалануға берілді. Оның ішінде 6 251 пәтер көпқабатты тұрғын үйлерде орналасқан, – деп жауап берді басқарма басшысының орынбасары Ерназ Мұқатаев Kazinform тілшісінің сауалхатына.
Биыл облыста жалпы ауданы 755,6 мың шаршы метр болатын 880 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін тағы 408,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.
Сұраныс төмендеген жоқ
Құрылыс көлемінің ұлғаюына қарамастан тұрғын үйге сұраныс жоғары күйінде қалып отыр. 2026 жылғы маусым айындағы жағдай бойынша аймақта тұрғын үй кезегінде 27 980 адам тіркелген.
Сұраныс тұрғындардың зейнетақы жинақтарын пайдалану және ипотекалық несие рәсімдеу көрсеткіштерінен де байқалады.
БЖЗҚ мәліметіне сәйкес, 2024 жылғы қаңтардан 2026 жылғы мамырға дейін Шығыс Қазақстан облысының 15 334 тұрғыны тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдаланып, осы мақсатқа 39,1 млрд теңге бағытталған.
Ал «Отбасы банк» дерегіне сүйенсек, осы кезеңде банк арқылы 4 629 адам баспаналы болған. Сонымен қатар ипотекалық қарыздың орташа мөлшері 2024 жылғы 16,97 млн теңгеден биыл 22,27 млн теңгеге дейін өскен.
– Өңір тұрғындары арасында ең сұранысқа ие мемлекеттік ипотекалық өнім – «Наурыз» бағдарламасы. Тұрғын үй жинақ жүйесіне қызығушылық та артып келеді. 2023 жылдан бері облыста 44 353 жаңа депозит ашылды, – деп хабарлады «Отбасы банкінің» баспасөз қызметінен.
Баға неге төмендемейді?
Таяуда Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанда коммерциялық тұрғын үй бағасын мемлекет реттемейтіндігін мәлімдеген болатын.
– Коммерциялық тұрғын үй бағасы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. Бағаның өсуі немесе төмендеуі жөнінде болжам жасағым келмейді, алайда қазір оған негіз болатын себептер жоқ. Жылдың алғашқы айларында тұрғын үй нарығындағы белсенділіктің төмендегенін байқасақ, жаз мезгілінде, әдетте, тұрғын үйге сұраныс артады, – деген еді ол. https://kaz.inform.kz/news/zeynetaki-zhinaktarinin-zhetklktlk-sheg-koterlune-baylanisti-turgin-uy-kimbattay-8fb7404f
Министрдің айтуынша, зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінің көтерілуі тұрғын үй бағасының қалыптасуына әсер етпеген.
Өскемендік ипотекалық кеңсе маманы Ақбота Омарова құрылыс көлемінің артуы бағаның автоматты түрде төмендеуіне алып келмейтінін түсіндірді.
– Қазір халық баспана бағасы арзандайды деп күтіп отырған жоқ. Бағаның айтарлықтай төмендеуі екіталай. Себебі соңғы жылдары ипотека рәсімдеп, қымбат бағаға пәтер алған адамдар өз баспанасын арзанырақ сатуға мүдделі емес. Сондықтан нарықтағы баға белгілі бір деңгейде сақталып отыр. Сонымен қатар ипотекалық несие рәсімдеушілердің саны көбейді. Кейбір банктерде несие беру талаптары бұрынғыға қарағанда икемдірек болды. Бұл да сұраныстың сақталуына ықпал етті, – дейді маман.
Оның айтуынша, тұрғын үй нарығына бұрынғыдай БЖЗҚ қаражаты емес, ипотекалық несиелеу көбірек ықпал етеді.
– Бұрын жеткіліктілік шегі өзгермей тұрған кезде көптеген адам БЖЗҚ-дағы жинақтарын пайдаланып, баспана сатып алды. Қазір бұл мүмкіндікті негізінен зейнеткерлер ғана пайдаланып жатыр. Сондықтан бүгінде тұрғын үй нарығына негізгі ықпал ететін фактор – ипотекалық несиеге деген сұраныс, – дейді Ақбота Омарова.
Ал «Отбасы банк» өкілдері тұрғын үй бағасының қалыптасуына сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы, құрылыс қарқыны және ипотекалық бағдарламалардың қолжетімділігі әсер ететінін атап өтті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Шығыс Қазақстанда тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл сайын артып келе жатқанымен, бұл әзірге баспана бағасының төмендеуіне әсер етіп отырған жоқ. Нарықтағы бағаны құрылыс көлемінен гөрі сұраныстың жоғары болуы, ипотекалық несиелеудің белсенділігі және сатушылардың бағаны арзандатуға құлықсыздығы айқындап отыр. Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта да тұрғын үй құнының арзандауы екіталай. Демек, өңірде баспана бағасының өзгеруі жаңа үйлер санына ғана емес, тұрғындардың сатып алу мүмкіндігі мен ипотекалық бағдарламалардың қолжетімділігіне тікелей байланысты болып қала бермек.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда баспана бағасы қалай өзгеріп жатқандығы туралы жазған болатынбыз.